🌟 «МЕКТЕПКЕ СЕНІМДІ ҚАДАМ»
Бүгінгі болашақ 1-сынып оқушылары үшін ерекше әрі қызықты күн болды. «Мектепке сенімді қадам» атты бейімдеу іс-шарасы барысында бүлдіршіндер мектеп өмірімен жақынырақ танысып, білім ордасына алғашқы қадамдарын сеніммен бастады.
Балалар мектепке экскурсия жасап, білім ордасының тыныс-тіршілігімен танысты. Алдымен мектеп директоры Бейсова Майра Исламғалиқызы болашақ 1-сынып оқушыларын жылы жүзбен қарсы алып, олармен әңгімелесті. Мектеп басшысы бүлдіршіндерге жүрекжарды тілегін білдіріп, алдағы оқу жылында жақсы оқып, ізденімпаз, тәртіпті, білімді оқушы болуларына сәттілік тіледі. Балалар өздерін қызықтырған сұрақтарын қойып, мектеп директорының жылы лебізін үлкен қызығушылықпен тыңдады.
Сапарымыздың келесі аялдамасы – мектеп кітапханасы болды. Кітапханашы апайлар балаларды жылы қарсы алып, кітапхананың қызметі, кітапты дұрыс таңдау және оны ұқыпты ұстау туралы түсінік берді. Балалар түрлі-түсті кітаптарды тамашалап, ертегілер мен танымдық кітаптарға қызығушылық танытты. Кітаптың білім мен тәрбиенің қайнар көзі екенін түсінді.
Одан әрі балалар спорт залдарына барып, дене шынықтыруға арналған құралдармен танысты. Болашақ оқушылар өздерін спорт залында еркін сезініп, қарапайым жаттығулар жасап, сергіп қалды. Қимылды ойындар мен жаттығулар балаларға көтеріңкі көңіл күй сыйлады.
Бұл экскурсияның басты мақсаты – балалардың мектеп туралы алғашқы түсінігін қалыптастыру, жаңа ортаға бейімделуіне көмектесу және мектепке деген қызығушылығы мен сенімін арттыру.
✨ Бүгінгі күн балалар үшін жаңа достармен танысып, жаңа ортаға қадам басқан есте қаларлық сәтке айналды.
«Мектепке сенімді қадам – білімге бастар алғашқы қадам!»
Болашақ бірінші сынып оқушыларына ақ жол, сәттілік және жарқын оқу жылын тілейміз! 📚🔔🌸

